2019 жылғы 12 маусым күні Бурабай ауданының жалпы білім беру ұйымдары өз түлектерін алтын ұя - мектептерінен өмір жолына аттандырды. Осы күні Щучинск қаласының орталық алаңында маңызды іс-шара өтті. Биылғы жылғы мектеп түлектері мемлекеттік емтихандары мен ҰБТ ойдағыдай тапсырып, аттестаттарын қолға алатын сәттерін үлкен тебіреніспен күтті.
2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша Бурабай ауданында 406 оқушы мектеп бітірді. Қазақстан Республикасында биыл Жастар жылы деп жарияланғанын ескерсек, мектеп бітірушілердің өмір жолында жаңа, қызықты әрі маңызды сәттер көп болатыны түсінікті.
Салтанатты шараға Бурабай ауданының әкімі Қанат Серікұлы Қарауылов бастаған құрметті қонақтар қатысты. Аудан бойынша 40 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 12 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. Әуезді музыка үнімен қала мектептерінің түлектері сап түзеп өтті. Жас түлектерге аудан әкімі Қ.С.Қарауылов құттықтау сөзін арнап, ноутбукке сертификат сыйлық ретінде табыстады.
Үздік оқушылар сабақта ғана емес, қала, аудан мен облыстың қоғамдық өміріне белсенді атсалысып, білімдерін шыңдап, түрлі байқаулар мен сайыстарда, спортта биік жеңіс тұғырынан көріне білді. Заман көшіне қалмай ілесіп, бәсекеге қабілетті екендіктерін танытқан 20 жас түлекке естелік ретінде «Жастар жылының триумфы» мүсінін аудан әкімі өз қолымен тапсырды. Щучинск қаласы №9 МГ түлегі Несіпбай Асқар мен №1 МГ түлегі Шубина Валерия жастар атынан сөз сөйлеп, ұстаздарының терең білім нәрімен сусындатып, үлкен өмір жолына бағыт бергендері үшін және аудан басшыларының көрсеткен құрметі үшін зор алғыстарын білдірді.
Ортаға бітірушілер мен бірінші сыныптың бүлдіршіндері қолдарына күміс қоңырауларын сыңғырлатып шықты. Он бір мектепте сыңғырлаған мектеп қоңырауымен қоштасу рәсімі өтті. Қыздар мен жігіттер әдемі вальс ырғағымен тербетіле билеп, орындарына жайғасты. Ұстаздары мен ата-аналарынан құттықтаулар мен жылы лебіздерін қабыл алған түлектер мерекелік думан кешінде ерекше толқу үстінде болды.
Біз баршаңызға сәт-сапар тілеп, өмірде өз орындарыңызды тауып, еліміздің толыққанды азаматы болып қалыптасуларыңызға тілектеспіз.