Еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына шаңырақ көтеруі экономиканың, оқу - білімнің, мәдениеттің, әдебиеттің, өнер - білімнің, т. б. салалардың өсіп - өркендеуіне жол ашты. Жас ұрпақтың бойындағы қабілетін көру, дамыту, оны одан әрі жетілдіру бағыт сілтеу - бүгінгі күні өзекті мәселесі. Қашанда болсын, ілгерілеуге апаратын алғы шарт – сапалы білімге келіп тірелері шартты құбылыс. Мемлекетіміздің болашағы жас ұрпақтың бойындағы ізденгіштік қасиеттерін дамыту, одан әрі жетілдіру, ғылыми шығармашылыққа бағыт сілтеу өзекті міндет. Сол үшін балалардың қабілетін дарындылығына зер салу, дарындыларды тани білу қоғам дамуына, келешек өмірге дарынды балалардың қоғамға тигізер пайдасын білу қажетті. Осы мақсатты алға қойған Бурабай ауданы Щучинск қаласының №9 мектеп-гимназиясы оқушыларды мектеп қабырғасынынан ғылыми ізденіске баулып, оның нәтижесінде жетістіктерге жетіп жатқаны қуантады. Нәтиже тыңғылықты жұмыспен, және жүйелі басқарумен келетіні сөзсіз. «Мәңгілік ел идеясы мектепте» жобасы негізінде жүргізіліп жатқан жаңашылдыққа ұмтылысты нағыз бәсекеге қабілетті тұлға даярлаудағы ұтымды іс деп айтуға болады. Соның ішінде «Отандық өнім, ұлттық бренд» бағыты бойынша оқушыларды ғылыми ізденіске баулып, туған өлкенің табиғатын, тыныс-тіршілігін зерттеп, отандық өнімді қайта жаңғыртып, ұлттық брендке айналдырудағы жетістіктерді мақтанышпен айта аламыз. Өткен жылы оқушыларымыз саумал сүттен жасалған балмұздақтың шипасын әлемге паш кеткен болатын. Сол жолмен биылда 11-сынып оқушысы Жукебай Аққу 25-ақпан мен 4-наурыз аралығында Оңтүстік Кореяда Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» ғылыми жоба жарысына «Отандық өнім-Құртжидек» атты ғылыми жобасын қорғап, жүлделі ІІ орынға ие болды. Осы жобаға жетекшілік еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қуандық Жанар Тұяққызы мен биология пәні мұғалімі әрі мектеп директоры Кушекова Бибігул Қуанышқызының еңбегі өте зор. Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау Университетінің оқытушылары мен Көкшетау сүт зауыты қызметкерлерінің қолдауымен жасалған бұл жоба болашақта ұлттық брендке айналып, ел игілігіне зор үлесін қосады деген сенімдеміз. Жетістікке жеткен жас ғалым қызымыз Жукебай Аққуды шын жүректен жеңісімен құттықтаймыз!